Мәселе Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаһандық өзгерістер жағдайында инклюзивті білім беру ортасында тиімді жұмыс істей алатын және оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге қабілетті педагогтерді даярлау қажеттілігі артып отыр. Зерттеу мәселесі бастауыш сынып мұғалімі мамандығына даярланып жатқан болашақ педагогтердің инклюзия қағидаттарын жүзеге асыру мен инновациялық қызметке жеткілікті дайын еместігінде болып табылады. Бұл жағдай тиімді шетелдік тәжірибелерді зерттеу мен оларды отандық білім беру жүйесіне бейімдеуді қажет етеді.
Зерттеудің мақсаты – инклюзивті білім беру жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық қызметке даярлау бойынша халықаралық тәжірибені талдау және оны Қазақстан Республикасының педагогикалық білім беру жүйесінде қолданудың тиімді бағыттарын айқындау.
Әдістері: Зерттеу ғылыми әдебиеттерді талдау, салыстырмалы талдау, сондай-ақ алынған деректерді жинақтау мен жүйелеу тәсілдерін қамтиды. Эмпирикалық база ретінде ЮНЕСКО, ЭЫДҰ (OECD), Арнайы және инклюзивті білім беру жөніндегі Еуропалық агенттік (European Agency for Special Needs and Inclusive Education), Erasmus+ бағдарламаларының материалдары, сондай-ақ Канада, АҚШ, Финляндия, Аустралия, Жаңа Зеландия және Еуропалық Одақ елдерінің жетекші педагогикалық университеттерінің оқу жоспарлары пайдаланылды.
Нәтижелер: Зерттеу нәтижелері педагогтарды даярлаудағы негізгі үрдістер ретінде жобалық және пәнаралық оқытуды дамыту, инклюзивті құндылықтарды білім беру бағдарламаларына кіріктіру, цифрлық технологияларды пайдалану және көшбасшылық құзыреттерді қалыптастыру бағыттарын айқындады.
Қорытынды: Зерттеу қорытындылары Қазақстандағы педагогтерді даярлау жүйесінде теориялық, тәжірибелік және зерттеушілік құрамдастарды қамтитын кешенді тәсілді қолдану қажеттілігін дәлелдейді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және педагогикалық жоғары оқу орындарында инновациялық-инклюзивті орталықтар құрудың маңыздылығын көрсетеді.

